Апта соңына қарай синоптиктер аптап ыстық болып, ауа температурасы +35°C-қа дейін жететінін болжады. Сонымен қатар қалада төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазгидромет мәліметінше, Алматыда 25-26 шілде күндері ауа райы құбылмалы болады. Күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Ауа температурасы +30…+32°C шамасында болады. Желдің жылдамдығы 13 м/с-қа дейін күшейеді.
27 шілдеден бастап жауын-шашын тоқтайды. Дүйсенбі мен сейсенбі күндері күн ала бұлтты болып, жаңбыр жаумайды. Күндізгі температура +31…+33°C-қа дейін көтеріледі.
29 шілдеде ауа райы одан әрі жылынады. Ауа температурасы +32…+34°C болады.
Синоптиктердің болжамынша, аптаның ең ыстық күндері 30 және 31 шілде болады. Бұл күндері күндіз ауа температурасы +33…+35°C-қа дейін жетіп, қатты ыстық болады.
Дәулет Кісебаев ауа райының қысқа мерзімді нашарлауы тек демалыс күндері күтілетінін айтты.
"25 және 26 шілдеде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Алматыда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болады. 27 шілдеден бастап жауын-шашынсыз ауа райы орнап, ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Апта соңына қарай күндізгі температура +33…+35 градусқа жетеді", – деді синоптик.
Синоптиктің айтуынша, жарияланған дауылды ескертуге сәйкес, апта басындағы жауын-шашынға қарамастан, Алматыда төтенше өрт қаупі сақталады. Тұрғындар мен қала қонақтарына отпен жұмыс істеу кезінде сақ болу, сондай-ақ тау бөктері мен таулы аймақтарға барғанда қауіпсіздік талаптарын ескеру ұсынылады.
Алматы облысында да 25 шілдеде оңтүстік және таулы аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Кей жерлерде күндіз ауа температурасы +35°C-қа дейін көтеріледі. Өңірдің басым бөлігінде жоғары, ал кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады.