Тараған мәліметке сәйкес, полиция полковнигі заңсыз көші-қонды ұйымдастыру ісі бойынша күдікке ілінген.
"Бұл жекелеген бір оқиға емес. Тергеу нұсқасы бойынша, құрамына түрлі ведомство өкілдері кірген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті туралы сөз болып отыр", – делінген жарияланымда.
Zakon.kz тілшісі түсініктеме алу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне жүгінді. Ведомство аталған дерек бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – делінген ҰҚК-ның 2026 жылғы 3 тамыздағы ресми хабарламасында.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің сайтында 2022 жылғы 6 наурызда Мақаева туралы мақала жарияланған. Ондағы мәліметке сәйкес, Әлия Мақаева Ресейдің Новгород облысында дүниеге келген. 2001 жылы Орал мемлекеттік заң академиясының заң факультетін тәмамдап, кейін ішкі істер органдарындағы қызметін бастаған.
Еңбек жолын Астанадағы Алматы ауданы Ішкі істер басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің инспекторы қызметінен бастаған.
2004-2018 жылдары Есіл ауданы Ішкі істер басқармасы көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, сондай-ақ елордалық полицияның Көші-қон қызметі басқармасы азаматтық және иммиграция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы болып жұмыс істеген.
2022 жылғы наурызда Мақаева елордалық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының азаматтық және иммиграция бөлімін басқарған. Кейін басқарма бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін, 30 шілдеде, ҰҚК Қазақстанда іздеуде жүрген Оңтүстік Корея азаматтары ұсталғанын мәлімдеген еді.