Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қой еті бір жыл ішінде орта есеппен 27,7 пайызға қымбаттаған, бұдан бөлек, сиыр еті мен тартылған еттің бағасы да көтерілген.
"Иә, расында да, ет өнімдері бойынша бағаның өсу динамикасы бар. Бірақ біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бірқатар шара қабылдадық. Оның ішінде экспортқа квота енгізу, сондай-ақ өнімнің бағасын негізсіз өсіретін делдалдардың қызметін шектеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Жалпы баға өсімінің қарқыны қалыпты деңгейде. Ең бастысы – нарықта ет жеткілікті. Бүгінде сүйегі бар сиыр етінің бағасы шамамен 3 700 теңге. Сауда желілерінде баға сәл жоғары болуы мүмкін. Дегенмен біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге екі негізгі мәселені шешуге күш салып жатырмыз. Олар – өнімді уақытылы жеткізу және халықты жеткілікті көлемде етпен қамтамасыз ету", – деді министр.
Министрдің айтуынша, ет бағасының қымбаттауына бірнеше фактор әсер етіп отыр.
"Бағаның өсу себептері белгілі. Қазіргі таңда әлемде де, елімізде де етке деген сұраныс өте жоғары. Сонымен қатар, Парсы шығанағындағы қақтығыс та қой етінің әлемдік бағасының құбылуына әсер етті. Дегенмен тағы да атап өткім келеді, қазіргі уақытта бағаның күрт әрі бақылаудан тыс өсуі байқалып отырған жоқ. Иә, баға өзгеріп жатыр, бірақ жалпы алғанда тұрақты. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету жағынан ешқандай тапшылық жоқ", – деді Арман Шаққалиев.
Министр ет тұтынудың артуына не себеп болғанын да түсіндірді.
"Бұл – әлемдегі тұтыну құрылымының өзгеруімен байланысты. Мысалы, Қытайда ет тұтыну айтарлықтай артты. Африка елдерінде де сұраныс көбейіп келеді. Жалпы әлем бойынша тұтыну мәдениеті өзгеруде. Біз әрдайым баға тек тұтынушы үшін ғана емес, өндіруші үшін де әділ болуы тиіс екенін айтып келеміз. Сондықтан нарықтағы тепе-теңдік сұраныс пен ұсыныс арқылы қалыптасады. Экспорттық сұраныстың жоғары болуы да бағаның құбылуына ықпал етіп отырған негізгі факторлардың бірі", – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.
Бұған дейін Қазақстанда аса маңызды импорттың үлесі төмендегенін жазғанбыз.