Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,8 трлн теңгеге жетті: Қаржы министрлігі түсініктеме берді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Бұған дейін БАҚ өкілдері Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында 2029 жылға дейін республикалық бюджеттің үкіметтік қарызға қызмет көрсету шығындары 10 трлн теңгеден асатынын мәлімдегенін еске салды. Осыған байланысты журналистер Қаржы министрлігінің бюджетке түсетін борыштық жүктемені азайту үшін қандай шаралар қабылдайтынын сұрады.
"Жалпы, борыштық жүктемені алатын болсақ, мемлекеттік қарызымыз 38,8 трлн теңгені құрайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің 20,2 пайызына тең. Бізде белгіленген шекті деңгей бар, ол – 32 пайыз. 2030 жылға дейін стресс-тест жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 25 пайызынан аспайды. Сондықтан бекітілген параметрлер аясындамыз. Қарызды қысқарту мәселесімен де айналысып жатырмыз. Бюджет тапшылығын азайту үшін меншікті кірістерді арттыру қажет. Кірістер бойынша жоспар орындалып жатыр. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша кіріс бөлігі өткен жылмен салыстырғанда 130 пайызға өсті. Алайда бұл жеткіліксіз. Жыл соңына дейін барлық жоспарды орындаймыз деп ойлаймын", – деп жауап берді Мәди Тәкиев.
Бюджет тапшылығына қатысты министр қазіргі 2,5 пайыздық көрсеткішті 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 0,4 пайызына дейін төмендету жоспарланып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бюджет тапшылығының азаюы мемлекеттік қарыз алу көлемін де қысқартуға мүмкіндік береді.
Журналистер бюджет тапшылығын халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған қарыз есебінен жабу экономикалық дағдарыстың белгісі емес пе деп сұрады. Мәди Тәкиев бұл пікірмен келіспей, мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылатынын атап өтті.
Бұған дейін Мәди Тәкиев қазақстандықтар сыртқы қарыздарды өтеу үшін салықты көбірек төлей ме және мемлекет берешегін қандай қаражат есебінен қайтаратынын түсіндірген болатын.