Ведомствоның 2026 жылғы 6 тамыздағы дерегіне сәйкес, қалада 48 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Жыл басынан бергі жеті айда жүк көліктерінің 16 мыңнан астам жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полицейлер техникалық ақауы бар көлікті басқарудың 1033 дерегін анықтады.
"Тағы 229 жүргізуші пайдаланылған газ құрамындағы ластаушы заттардың рұқсат етілген мөлшерден асып кетуіне байланысты жауапкершілікке тартылды. 42 жүк көлігі мамандандырылған тұраққа қойылды", – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қосымша мәліметке сәйкес, шілде айының ортасынан бері мамандандырылған мобильді топ Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 428 дерегін анықтаған. 21 жүк көлігі мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдинұр Тасыбаев жолға шығатын әрбір жүк көлігі қауіпсіздік талаптары мен экологиялық нормаларға сай болуы керектігін атап өтті.
"Тежегіш жүйесінің ақауы, тозған дөңгелектер мен пайдаланылған газдың шамадан тыс түтіндеуі – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін нақты қауіп факторлары. Бақылау жұмыстары жалғасады", – деді Әбдинұр Тасыбаев.
Бұған дейін, 27 шілдеде, қалада сұйық тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгуге қарсы бақылау да күшейтілгені хабарланған еді. Тексеруге бейнебақылау камераларындағы жазбалар, тұрғындардың хабарламалары және мониторинг нәтижелері негіз болады.