3-6 тамыз аралығында ұйымдастырылған Halyk Open Cup – 2026 жарысына 200-ден астам жас футболшы мен жаттықтырушы қатысты. Турнир #АуылФутбол жобасы аясында өткізілді.
Жарыстың алғашқы екі күнінде командалар топтық кезең мен плей-офф ойындарында бақ сынады. Үшінші күні үздік төрт команда чемпиондық пен жүлделі орындар үшін алаңға шықты.
Сурет: қордың баспасөз қызметі
Турнир қорытындысы бойынша Алматы облысының "Ақбарыс" командасы чемпион атанды. Екінші орынды осы облыстың тағы бір өкілі – "Алмалы" иеленді. Атырау облысының "Сағыз" командасы қола жүлдеге қол жеткізсе, Жамбыл облысының "Шебер" командасы төртінші орын алды.
Чемпион атанған "Ақбарыс" командасының ойыншыларына 12 велосипед табысталды. Ал жүлдегер командаларға кубоктар мен медальдардан бөлек футбол доптары мен жаттығу құралдары берілді.
Турнирде жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. "Сағыз" командасының ойыншысы Қанат Еркебұланұлы үздік қақпашы атанса, "Шебер" командасынан Нұржан Азаматұлы үздік қорғаушы деп танылды. "Алмалы" командасының шабуылшысы Ибрахим Әбидоллаұлы үздік шабуылшы атанды. Ал "Ақбарыс" ойыншысы Абрахим Дүйсенбек турнирдің үздік футболшысы атанып, "Алтын доп" жүлдесін иеленді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, ауыл командаларының республикалық жарыстарға қатысуына негізгі кедергілердің бірі – жол, спорттық киім және қажетті құрал-жабдық шығындары. Осыған байланысты #АуылФутбол жобасы аясында командалардың жарыстарға қатысуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді.
Сурет: қордың баспасөз қызметі
Жоба аясында 140-тан астам ауыл командасы түрлі турнирлерге қатысса, 100-ден астам команда спорттық киімдермен және жаттығу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ауыл бапкерлеріне арналған оқу бағдарламалары ұйымдастырылып келеді.
2025 жылы жобаға қатысқан ауыл командасы алғаш рет Ташкентте өткен халықаралық турнирге жол тартқан.
Halyk Open Cup турниріне биыл Halyk қайырымдылық қоры да қолдау көрсетті. Оның аясында командалардың жол шығындары мен жарысқа қатысуына байланысты бірқатар шығын өтелді.
Жарыс ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер ауылдағы жас футболшылардың тәжірибе жинап, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға шығуына мүмкіндік береді.