Lada.kz басылымының жазуынша, жолаушылар пойызға 9 тамызда отырған. Алайда климаттық жабдықтың істен шығуы және пойыз құрамының техникалық жағдайына байланысты сапар жайсыз өткен.
"Вагонда ыстық! Күйеуімнің жүрегі ауырады, ол осы вагонмен Қарағандыға санаторийге бара жатыр. Жолсерік жұмыс істемей тұрған кондиционерлерге өзі жауапты емес екенін айтты. Вагонда егде жастағы адамдар мен балалар бар", – деді наразы жолаушылардың бірі.
Желіде желдей ескен шағымдарға ұлттық тасымалдаушы пікір білдіріп, бұл пойыздың компанияның жауапкершілік аймағына кірмейтінін мәлімдеді.
"Аталған пойыз "Ulytau Express" ЖШС жеке тасымалдаушысына тиесілі. Жеке тасымалдаушылардың қызметі "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға және жалпы "ҚТЖ"-ға қатысы жоқ", – деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.
Компания мұндай жағдайларда шағымды тікелей тасымалдаушыға немесе жеке компаниялардың қызметін реттейтін ҚР Көлік министрлігіне жолдауды ұсынды.
Бұған дейін Ақмолада көршісіне пышақпен шабуыл жасап, оны өлім аузында қалдырып кеткен әйел қамауға алынғанын жазғанбыз.