Downdetector сервисінің мәліметінше, ақаулар Астана қаласында, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Кейін Алматы тұрғындарынан да шағымдар түсе бастаған.
Пайдаланушылар негізінен хабарламаларды жіберу және қабылдау мүмкін болмай жатқанын, медиафайлдардың жүктелмейтінін, ал кейбірінде қосымшаның мүлде ашылмайтынын айтқан.
Әлем бойынша мессенджер жұмысында айтарлықтай ақау байқалмаған.
Редакция түсініктеме алу үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жүгінді. Ведомство өкілдері ақаудың шығу себептерін анықтап жатқанын хабарлады. Ал "Қазақтелеком" АҚ алдын ала мәлімет бойынша өздерінің жауапкершілік аймағында ешқандай ақау тіркелмегенін мәлімдеді.
Бұған дейін, 2026 жылғы 3 тамызда әлемнің әр түкпіріндегі, соның ішінде Қазақстандағы WhatsApp қолданушылары аккаунттарының бұғатталғанына шағымданған еді. Мессенджер кенеттен жұмысын тоқтатып, экранда аккаунт әрекеттері мен құрылғы туралы ақпараттың пайдаланушы келісіміне сәйкестігі тексеріліп жатқаны жөнінде хабарлама пайда болған. Тексеру 24 сағаттан аспайтыны және оның нәтижесі хабарланатыны айтылған. Meta компаниясы аккаунттарға қолжетімділікті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.