Бұл туралы 19 тамызда ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
"ҚазАвтоЖол" республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жүргізушілерге техникалық көмек көрсететін жаңа сервисті іске қосты. Пилоттық режимде арнайы қызғылт сары түсті пикаптар Астана-Аршалы және Астана-Теміртау бағыттарындағы жол учаскелерінде жұмыс істей бастады. Көмекке бірыңғай 1403 байланыс орталығы арқылы жүгінуге болады. Көлік бұзылып қалса, дөңгелегі жарылса, көлікті сүйреп әкету қажет болса немесе жолда басқа да күтпеген жағдай туындаса, жүргізуші "ҚазАвтоЖол" байланыс орталығына хабарласып, өзінің орналасқан жері мен мәселесін айтуы керек. Осыдан кейін оқиға орнына техникалық қызмет жіберіледі", – делінген хабарламада.
Арнайы пикаптар жолда алғашқы көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Автокөліктердің түсі ашық қызғылт сары және арнайы жарық сигналдарымен жабдықталған. Сондықтан оларды жолдағы басқа жүргізушілер оңай байқайды.
Техникалық көмек көрсету экипаждары дөңгелек зақымданған немесе ауасы шығып кеткен жағдайда, көлікте техникалық ақау болған кезде, сүйретіп әкету қажет болғанда және жүргізуші жолын өздігінен жалғастыра алмайтын басқа да жағдайларда көмектесе алады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, жаңа сервистің негізгі мақсаты – жүргізушіге көмек көрсету ғана емес, жолдағы ықтимал қауіпті жағдайды да тез арада жою.
Әсіресе тасжолдың жылдам жүретін учаскелерінде, түнгі уақытта немесе қолайсыз ауа райы кезінде көліктің жол бойында амалсыз тоқтауы барлық қозғалыс қатысушылары үшін қосымша қауіп тудырады. Сондықтан көліктің тоқтаған жерін мүмкіндігінше тез белгілеу, жүргізушіге қажетті көмек көрсету және қажет болған жағдайда көлікті қауіпсіз жерге шығару маңызды.
Пилоттық жоба арқылы сервистің қаншалықты қажет екенін, экипаждардың оқиға орнына жету уақытын және жүргізушілердің қандай мәселелермен жиі жүгінетінін анықтау жоспарланып отыр. Жиналған тәжірибе республикалық маңызы бар автожолдардағы техникалық көмек көрсету жүйесін одан әрі дамытуға пайдаланылмақ.
Көмекті қалай алуға болады?
Республикалық маңызы бар тасжолда көлік бұзылып немесе басқа да күтпеген жағдайға тап болсаңыз, 1403 қысқа нөміріне қоңырау шалып, операторға орналасқан жеріңізді, қозғалыс бағытыңызды және туындаған мәселені айту қажет.
Техникалық қызмет келгенге дейін жүргізушілерге мүмкіндік болса, көлікті жолдың жүретін бөлігінен қауіпсіз жерге шығарып, авариялық жарық сигналын қосу және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.
Бұған дейін, 12 тамызда "ҚазАвтоЖол" Қазақстандағы ең көп жүктелген республикалық трассалардың бірі – Астана-Қарағанды-Алматы автожолында өзгерістер болатынын жүргізушілерге ескерткендігін жазған болатынбыз.