Бұл туралы 2026 жылғы 20 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ескертті. Өңірде осындай заңбұзушылық жасаған 35 адам жауапқа тартылған.
"Жыл басынан бері 550-ден астам адамның Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелді. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған. Соған қарамастан, кейбірі әлеуметтік, зейнетақы және басқа да мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында елге кіру және Қазақстан аумағында тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастырған", – деп хабарлады Полиция департаменті.
Анықталған 35 жағдайдың 26-сында азаматтар шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған. Тағы тоғыз адам Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Осындай деректердің бірі Өскемен қаласының 64 жастағы тұрғынына қатысты анықталды. Әйел басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уақтылы хабарламай, қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастырған. Тексеру кезінде оның құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелді.
"Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады. Басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне уақтылы хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет", – деп ескертті полиция.
Айта кетейік, Қазақстанда қос азаматтық үшін ірі көлемде айыппұл салу немесе ел аумағынан шығарып жіберу жазасы қарастырылған.