Қоғамдық пікір сауалнамасы exit poll әдістемесі бойынша еліміздегі 200 сайлау учаскесінде жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелері 24 тамызда жарияланады.
"Социс-А" компаниясының Алматы қаласы бойынша супервайзері Данияр Жақсыбековтің айтуынша, сауалнама сайлаушылардың жеке деректерін жинамай, тек статистикалық мақсатта жүргізіледі.
"Біз жалпы статистиканы жинаймыз. Барлық ақпарат автоматтандырылған жүйе арқылы ақпараттық орталыққа жіберіледі. Жалпы, азаматтар сауалнамаға ықыласпен қатысып жатыр. Әсіресе айналада музыка ойнап, мерекелік көңіл-күй қалыптасқан кезде адамдар сұрақтарға сабырмен жауап береді", – деді ол.
Еске салайық, заңнамаға сәйкес, республика бойынша барлық сайлау учаскесі азаматтарды қабылдауды сағат 20:00-де тоқтатып, жұмысын аяқтайды.
Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 9 095 298 адам немесе сайлаушылардың жалпы санының 72,15 пайызы дауыс берді.
Бұған дейін экзитполдың Астана, Жезқазған және Өскемен қалаларында қалай өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.