"Алматы ТВ" телеарнасының 24 тамыздағы мәліметінше, қайғылы оқиға биыл қаңтарда болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін оның қатысушылары арасында төбелес басталып, жанжал кезінде 40 жастағы ер адам пышақ жарақатын алған.
Оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Кейін марқұмның денесі ауылдардың біріндегі аурухана маңындағы автотұрақтан табылған.
Жанжал кезінде тағы екі адам зардап шеккен. Оларға бас, кеуде және шүйде тұсынан жарақаттар, сондай-ақ қабырға сынықтары диагнозы қойылған.
Бүгін алты айыпталушы сот алдында жауап берді. Оларға адам өлтіру, адам ұрлау және бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, жолдағы қақтығыстан кейін сол түні не болғанын прокурор айтып берді.
"Бұл қылмысты жасау үшін күдіктілер өздерімен бірге тергеу барысында әлі анықталмаған пышақ пен тапанша алған. Сондай-ақ қылмыстық әрекетке қатысын жасыру үшін бетперде таққан. Оларға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 3, 5, 7, 9 және 11-тармақтарында, 125-бабы 2-бөлігінің 1, 3 және 4-тармақтарында, сондай-ақ 293-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айып тағылды", – деді мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов.