Президенттің айтуынша, білім беру жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты нәтижелер бар.
"Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным", – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, өткен жылы қазақстандық оқушылар 30-дан астам беделді халықаралық олимпиада мен ғылыми жобаға қатысып, мыңнан астам медаль иеленген.
Сонымен қатар ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім нәтижесі де жақсарып келеді.
"Ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе ұлғайды. Осылайша, қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығы айтарлықтай азайып келеді", – деді Президент.
Алайда Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсуге әлі ерте екенін атап өтті. Оның сөзінше, білім беру саласында шешімін таппаған мәселелер әлі де бар.
"Алдымызда көп жұмыс бар, оны тиімді атқаруымыз қажет. Білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар", – деді ол.
Президент осыған байланысты бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталу қажет екенін айтты.