Президент әлемдегі қазіргі ахуалдың аса күрделі әрі болжауға келмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттер арасындағы өзара сенім азайып, тұрақсыздық белең алған алмағайып кезеңде Қазақстанның халықаралық беделі жоғары деңгейде қалып отыр.
"Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоя отырып, бейбітшілік, өзара достық және тиімді серіктестік құндылықтарын әлемге табанды түрде дәріптей беретінін мәлімдеді.
Президент елдің жетістіктері халықтың ауызбіршілігі мен азаматтардың ортақ іске жұмылуының арқасында мүмкін болғанын айтты.
"Еліміздің басты қуаты, яғни стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуы қажет екенін атап өтті. Ол қоғамды ұсақ-түйек және кертартпа әңгімелерден, сондай-ақ әлеуметтік енжарлықтан аулақ болуға шақырды.
"Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек", – деп қорытындылады Президент.