Қадағалау органының мәліметінше, қылмыскерлер әлеуетті құрбандарды тарту үшін әлеуметтік желілерді, соның ішінде TikTok, Instagram, YouTube және басқа да интернет платформаларын пайдаланады. Олар танымал адамдардың бейнесін қолдана отырып, дипфейк видеолар және аса жоғары пассивті табыс уәде ететін жалған жасанды интеллект платформаларын жасайды.
Мысалы, Илон Масктың қатысуымен жасалған Quantum AI, Павел Дуровтың атымен байланысты TON, "ҚазМұнайГазға" немесе "Газпромға" халық инвестициясы туралы ұсыныстар, сондай-ақ "Хабар24", "КТК" немесе "Бірінші арна" телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілері қатысқан жалған жарнамалар кездеседі.
Тек соңғы бір жарым айдың ішінде ел бойынша осындай 119 алаяқтық фактісі тіркелген.
Мәселен, қыркүйек айында Талдықорған тұрғыны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасалғаны туралы арызбен полицияға жүгінген.
Әлеуметтік желідегі Instagram парақшасын қарап отырған әйел трейдинг, яғни акцияларды сатып алу және сату арқылы аса жоғары табыс табуға болатындығы туралы жарнаманы көрген. Сілтемеге өткеннен кейін жәбірленуші сауалнама толтырып, өзінің жеке және байланыс деректерін көрсеткен. Кейін әйелмен қаскөйлер байланысқа шығып, олардың нұсқауын орындаған жәбірленуші үш адамның есепшотына 7 миллион теңгеден астам ақша аударған. Бұл ретте өзі аударған қаражаты мен болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген. Алайда алаяқтар ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік бермеген", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура қазақстандықтарды қырағы болуға шақырды.
"Жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеңіздер және инвестиция салу деген сылтаумен белгісіз адамдарға ақша аудармаңыздар. Қаражат салмас бұрын компания мен ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетіңізше тексеріңіздер. Күдікті хабарламалар немесе қоңыраулар келіп түссе, белгісіз адамдармен сөйлесуді тоқтатып, оларға банк карталарының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды және ақша қаражатыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтерді айтпаңыздар", – деп ескертті қадағалау органы.
15 қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың ҚМА атынан жазылған жалған ресми хаттарды пайдалану жағдайлары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеген болатын.
Мұндай хатта қылмыскерлер мемлекеттік органға жолданған құжатта қандай да бір тексеру жүргізіліп жатқанына сілтеме жасап, азамат туралы ақпарат сұратады.
Бұған дейін алаяқтар осыған ұқсас схеманы қолданған. Жалған хаттарды жібергеннен кейін олар азаматтармен байланысып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Әртүрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша талап еткен.