Селин Дион ауыр дерттен кейін сахнаға оралды
Сурет: Instagram/celinedion
"My Heart Will Go On" әнінің орындаушысы сирек кездесетін неврологиялық дерт — ригидті адам синдромына (SPS) байланысты ұзақ уақыт өнер көрсетпеді. Бұл ауру бұлшықеттің қатты сіресуіне және ауырсынатын түйілуге әкеледі.
Аурудың алғашқы белгілері диагноз қойылғанға дейін бірнеше жыл бұрын пайда болған. Ал 2022 жылғы желтоқсанда Дион дертке шалдыққанын көпшілікке алғаш рет айтты. Осыған байланысты ол гастрольдік концерттерін тоқтатып, бірнеше жыл сахнадан алыстады.
Концерт Париждегі 30 мың көрерменге арналған Plénitude аренасында аншлагпен өтті.
"Мен сіздер үшін, өзім үшін, өмір туралы ән айтқым келеді! Рақмет, Париж", — деп жазды Дион өткен концерттен түсірілген видеоға.
Әнші концерттен түсірілген бірнеше суретін де жариялады.
Дионның сахнаға қайта оралуы бір концертпен шектелмейді. Әнші Парижде 26 концерттен тұратын жаңа сериясын бастады. Ол 2027 жылғы мамырға дейін өнер көрсетеді.