КТК телеарнасының мәліметінше, алаяқтық айла бір жарым жылға жуық уақыт бойы жалғасқан. Күдікті клиенттерге шын мәнінде жоқ пәтерлерді ұсынып, ақшаны қолма-қол немесе банк арқылы аударым түрінде қабылдаған. Кейін түрлі сылтаулар айтып, құжаттарды рәсімдеу үшін тағы да ақша талап еткен. Адамдар оған сенгенімен, пәтердің кілтін сол күйі ала алмаған.
Ақырында күдікті ұсталды. Ол өз кінәсін мойындаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген жалпы шығын көлемі 186 млн 445 мың теңгені құраған.
Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырып, баспана сатып алмас бұрын мәміленің заңдылығын мұқият тексеру қажеттігін еске салды.
"Сенімді көріну үшін ол тіпті бір пәтерді жалға алып, оны жәбірленушілерге болашақ баспанасы ретінде көрсеткен. Нәтижесінде оның әрекетінен 25 адам зардап шекті", – деді ШҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Нұрманбеков.
Бұған дейін алаяқтық арқылы қосымша ақша таппақ болған қазақстандық әйелдің әрекеті сәтсіз аяқталғаны хабарланған болатын.