Мерекелік бағдарламалар аясында қаланың басты алаңдарында және барлық сегіз ауданында концерттер, фестивальдер, көрмелер, спорттық және шығармашылық жобалар ұйымдастырылды. Қатаранынан екі күн өткен іс-шараларға Алматының миллионнан астам тұрғыны мен қонағы қатысты.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Осы күндері Абай алаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен салтанатты концерт, "Алматы қаласының құрметті азаматы" атағын табыстау рәсімі, "Сазген сазы" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, Қазақ мемлекеттік циркі әртістерінің, ASU ұжымының және "Алатау" дәстүрлі өнер театрының өнер көрсетуі, сондай-ақ пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA-ның концерттік бағдарламалары өтті. Ерекше оқиғалардың бірі мыңдаған бала мен олардың ата-аналарын жинаған халықаралық "D Billions" музыкалық шоуының қойылымы болды. Сонымен қатар алаңда басқа да концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды", — деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала тұрғындары үшін тақырыптық және балаларға арналған аймақтар, AI & ROBOT ZONE, қолөнер ойындары алаңы және кәсіби суретшілердің "Ажарлы Алматы" атты көрмесі жұмыс істеді.
Астана алаңында күндізгі концерттік бағдарламалар, Almaty Vibes музыкалық фестивалі және Almaty Zhuldyzy концерттік бағдарламасы өтті. Сахнада танымал қазақстандық өнерпаздар өнер көрсетті. Кештің басты оқиғасы Алматы қаласының қалыптасу тарихына арналған, заманауи визуалды технологиялар мен музыкалық сүйемелдеуді біріктірген әсерлі 3D Mapping Show болды.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мерекелік шаралар Панфилов және Жібек жолы көшелерінде де ұйымдастырылды. Мұнда тақырыптық аймақтар құрылып, концерттер, шығармашылық бағдарламалар және қуыршақ театрының қойылымдары өтті.
Kitap Fest кітап жәрмеңкесіне 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысып, екі күн ішінде оған 50 мыңнан астам адам келген.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мерекелік шаралардың негізгі оқиғаларының бірі дәстүрлі Алма жәрмеңкесі болды. Екі күн ішінде жергілікті өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтар ұсынған алманың 50 сортының 250 тоннадан астамы сатылды.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Алатау" дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда танымал орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен "Ән мен күйдің бесігі", "Jana Lep" және "Алматыға махаббатпен" атты концерттер өтті.
"Ерекше оқиғалардың бірі — Масанчи көшесінде алғашқы гастрономиялық көшенің ашылуы. Ол Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аралықты қамтып, қоғамдық тамақтану орындарын, қалалық инфрақұрылымды және заманауи қоғамдық кеңістікті біріктірді. Осылайша Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа тартымды орын пайда болды", — деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Масанчи гастрономиялық көшесінің ашылуы Алматыда мамандандырылған гастрономиялық көшелер желісін қалыптастыру жобасының бір бөлігі болды.
Гастрокөше қаладағы жаңа тартымды орынға айналуы тиіс. Мұнда тұрғындар мен туристер заманауи қалалық гастрономияның алуан түрімен танысып, жайлы ортада уақыт өткізіп, Алматының орталық көшелерінің бірінің жаңа келбетін тамашалай алады.
Сонымен қатар мерекелік бағдарлама Алматының барлық 8 ауданында өтті. Тұрғындар үшін концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер, шеберлік сабақтары, отбасылық және балаларға арналған іс-шаралар, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Осылайша, Алматы күні түрлі жастағы тұрғындар мен қала қонақтарын біріктірген ауқымды мерекеге айналды. Екі күн бойы қаланың әртүрлі алаңдарында музыка, ұлттық мәдениет, заманауи өнер, әдебиет, спорт және отбасылық ойын-сауықтар ұсынылып, әр адам өзіне қызықты шара таба алды.