"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің мәліметінше, биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға азайған. Бұл ретте республикалық маңызы бар жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығы орта есеппен 30%-ға өскен.
"Осылайша, көлік ағынының айтарлықтай өсуіне қарамастан, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларын сипаттайтын негізгі үш көрсеткіш те төмендеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", – деді Дархан Иманашев.
Премьер-министр Олжас Бектенов баяндама жақсы болғанымен, әлі күнге дейін шешімін таппаған көптеген мәселе бар екенін атап өтті.
"Сіз олар туралы айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Жолдардың сапасын жақсарту керек. Жұмыс істеңіздер, әйтпесе орныңызға басқа адамдар келеді", – деді Премьер-министр.
Бұған дейін Олжас Бектенов, әсіресе түнгі уақытта қатты шу шығаратын автокөлік және мотоцикл жүргізушілеріне қатысты шараларды күшейтуді тапсырған еді.