Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік өзгереді

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді. Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 22 қыркүйекте, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство атап өткендей, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет зейнетақы жарналарының сақталуын қамтамасыз етуден бас тартады дегенді білдірмейді.

"Қазіргі уақытта азаматтың зейнетақы төлемдерін алуға құқығы пайда болған кезде инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген зейнетақы жарналарының сомасы мен БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының мөлшері арасындағы айырмашылық есептеледі. Бұл айырмашылық республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік кепілдік тетігі өзгереді. ҚР Әлеуметтік кодексінің 217-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға БЖЗҚ-ға нақты енгізілген мөлшердегі зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді", – деп хабарлады Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұған дейін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқарудың инвестициялық стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатына билік ету құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық кірістілік пен инфляция деңгейі арасындағы айырмашылықты өтеу міндетін өз мойнына алған.

"Салымшылардың басқарушы компания мен инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы кеңейтілген жағдайда мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық және экономикалық негізі өз маңызын жоғалтады", – деп түсіндірді ведомство.

Министрлік зейнетақы активтерін басқару жүйесі көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда қалатынын атап өтті.

Президент басқаратын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды, активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және оларды инвестициялау нәтижелері туралы есептерді тыңдайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қалыптастырады. Қазақстан Республикасының Үкіметі инвестициялық саясаттың тиісті тәсілдері мен параметрлерін бекітеді.

"Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік кепілдікті іске асыру тетігін жетілдіруді көздейді", – деп хабарлады Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Қазақстандағы зейнеткерлер қандай жеңілдіктер мен көмек түрлеріне жүгіне алатыны және оларды қалай алуға болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Қазақстан
БЖЗҚ

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Аншлаг, ауқымды шоу және төбелес: Астанада KeshYou концерті өтті

Астана, Алматы және Шымкенттегі ақша айырбастау орындарында валюта бағамы қандай

Ұлттық қордан қосымша алынатын 5 трлн теңге неге жұмсалады

Димаш Құдайберген егде жастағы жанкүйеріне қол ұшын созды

Қазақстанның оңтүстігінде оқушыны аяусыз соққыға жыққан