Informburo мәліметінше, жыл сайын беделді Жаһандық инновациялар индексін (Global Innovation Index) жариялайтын Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы алғаш рет ұйымдастырылған WIPO City of Innovation Award сыйлығының шорт-тізімін ресми түрде жариялады.
Халықаралық сыйлықтың негізгі мақсаты – жаңа үрдістерді қалыптастыратын, технологиялар мен шығармашылықтың дамуына қолайлы жағдай жасайтын, сондай-ақ кәсіпкерлер, авторлар мен инноваторлар үшін жайлы экожүйе қалыптастыратын қалаларды атап өту.
Іріктеу қорытындысы бойынша Астана әлемнің әр түкпіріндегі қалалардың арасынан 15 финалистің қатарына еніп, инновациялар мен цифрлық трансформация орталықтарының бірі екенін көрсетті.
Қазақстанның астанасы финалистер қатарында әлемнің және өңірдің ірі орталықтарымен бірге ұсынылды:
- Азия және Таяу Шығыс: Шанхай (Қытай), Джайпур және Тируванантапурам (Үндістан), Амман және Ирбид (Иордания), Мэанг Лампхун және Ройет (Таиланд), Эчаге (Филиппин);
- Еуропа: Ливерпуль (Ұлыбритания), Шарлеруа (Бельгия), Калдаш-да-Раинья (Португалия), Мәскеу (Ресей);
- Солтүстік Африка: Рабат және Тетуан (Марокко).
WIPO мәліметінше, сыйлыққа қатысушылар қаланы дамыту тұжырымдамаларын ұсынып қана қоймай, оларды 12 ай ішінде жүзеге асыру бойынша нақты міндеттемелер алған.
Астана заманауи қалалық экожүйені дамытуға бағытталған кешенді тәсілін таныстырды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтер саласына озық технологияларды енгізу және Smart City тұжырымдамасын дамыту, стартаптар мен креативті индустрияларды қолдау, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шешімдер әзірлеу көзделген.
Бұл стратегияда зияткерлік меншік маңызды рөл атқарады. Ол перспективалы идеяларды нақты әрі құқықтық тұрғыдан қорғалған жобаларға айналдыруға мүмкіндік береді.
WIPO-ның ресми сайтында хабарланғандай, финалистерді урбанистика, креативті экономика және инновациялық даму саласындағы сарапшылардан құралған тәуелсіз халықаралық қазылар алқасы бағалайды.
WIPO City of Innovation Award сыйлығының алғашқы жеңімпаздары 2026 жылғы 12 қазанда Женевадағы WIPO штаб-пәтерінде өтетін салтанатты рәсімде жарияланады.
Астананың Шанхай және Ливерпуль сияқты қалалармен қатар 15 финалистің қатарына енуі елорданың және жалпы Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай мәртебе қаланың халықаралық аренадағы танымалдығын арттырып, инвестициялар мен білікті мамандарды тартуға, сондай-ақ заманауи қалалық қызметтерді одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.