Оның сөзінше, Қазақстан ұзақ мерзімді қаржыны банкке мүше өзге елдермен бірдей шарттар негізінде тартады.
"Банкте, қателеспесем, 106 ел бар. Барлығына қойылатын талап бірдей. Негізгі талаптар – ашықтық, тиімділік, әдеп пен адалдық. Сыбайлас жемқорлық пен сөз байласуға қарсы күреске, экологиялық және әлеуметтік стандарттарға, жергілікті қоғамдастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Банктің өз сараптама тетіктері бар. Талаптар бұзылған жағдайда жобаға қатысушыларға санкция қолданылуы мүмкін", – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, қарыз есебінен жүзеге асырылатын жобаларда отандық жеткізушілерге жеңілдік беріледі.
"Конкурс кезінде қатысушыларға ұпай беріледі. Егер шетелдік жеткізуші 58 ұпай жинаса, өз техникасы бар қазақстандық жеткізуші 100 ұпай жинайды", – деп қосты ол.
Бұған дейін Қазақстанның Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 6 млрд доллар көлемінде қарыз алуды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік.