Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда ақпарат өте аз болды. Туыстары Бекеттің аман қалғанын ғана біліп, оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылған шығар деп ойлаған. Отбасы таңертең Ақтауға келіп, ұлын көргенде ғана оның ауруханаға жеткізілмегенін білген.
Бекет Атырау облысының Махамбет ауылынан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке аттанып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімде қызмет еткен.
Анасының айтуынша, отбасы оқиға туралы ести сала Ақтауға жолға шыққан.
"Құдайға шүкір, ұлым тірі. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Дін аман, өздігінен жүріп жүр. Ұлым жағаға өз күшімен шыққан. Қалған мән-жай тексеру аяқталған соң белгілі болады деп ойлаймын. Балаларымыз әлі өте жас, ал бастан кешкендері өмір бойы есінде қалады", – деді Қарлығаш Мырзағалиева "Ақ Жайық" басылымына.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына да көңіл айтты:
"Қазір ата-аналардың не сезініп жатқанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза тапқан жігіттердің аналары мен әкелеріне шын жүректен көңіл айтамын. Мұндай қайғыны енді ешкім бастан кешірмесін".
Бұған дейін 2007 жылы туған тағы бір әскери қызметші – Ақжол Темірәлиевтің жағдайы туралы хабарлаған едік.
Бейсенбі, 2026 жылғы 24 қыркүйекте, Ақтаудан 43 шақырым жердегі Каспий теңізінің жағалауында өткен оқу-жаттығу кезінде ауа райы қолайсыз болып, жеке құрам "Қайсар" катерінен түсіп жатқан сәтте әскери қызметшілерді теңізге ағызып әкеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.