Бастапқыда сот отырысы ашық форматта өтетіні хабарланған. Алайда сот ғимаратына келген журналистерге істің онлайн форматта, тараптардың сот залына жеке қатысуынсыз қаралатыны айтылды. Аз ғана үзілістен кейін Ерболат Жанәбіловтің іс материалдарымен бірге сотқа жеткізілетіні белгілі болды. Оған 15 минуттан сәл астам уақыт кетті.
"Сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырғанын сізге және жәбірленушіге бірден хабарлағым келеді. Олардың қатысуына қатысты сіздің және Жанәбіловтің пікірін анықтауым керек", – деді судья.
Бұған Жанәбілов соттан БАҚ өкілдеріне өзін фотоға және видеоға түсіруге тыйым салуды сұрады.
"Бұл – бәрібір жеке мәселе. Сондай-ақ бұл сот процесіне журналистердің қатыспауын сұраймын, себебі бұл – жеке өмір, яғни отбасылық қарым-қатынас. Жалпы, олардың мұны білгені дұрыс емес деп есептеймін", – деді блогер.
Төлегенова да сөз жеке қарым-қатынас туралы болып отырғанын айтып, істің жабық сот отырысында қаралғанын қалайтынын жеткізді. Осыған байланысты судья екі тарап та істі жабық сот отырысында қарау туралы өтініш бергенін айтып, БАҚ өкілдерінен сот залынан шығуын сұрады.
Бұған дейін ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болған. Алайда Эльмира Төлегенова полицияға арыз беруден бас тартқан.
Сонымен қатар полицияның мәліметінше, биыл 28 тамызда Ерболат Жанәбілов пробациялық бақылау талаптарын бұзған. Ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен мекенжайда болмаған.
2026 жылғы 27 сәуірде Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі шыққан.
Жанәбілов ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы ("Заңсыз кәсіпкерлік", "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)") бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге екі жылға бас бостандығынан айырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес, бұл жаза шартты түрде тағайындалып, барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.
Толегенова да осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге екі жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленген. Алайда жазаны орындау екі жылға кейінге қалдырылған.