Ерболат Жанәбіловке қатысты әкімшілік шара қолданылды: блогерлер отбасында не болды?

Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік шара қолданылды: блогерлер отбасында не болды?, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.10.2026 16:34 Сурет: Instagram/elt6i
Танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың отбасында жанжал болды. Оқиғаның мән-жайын Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

30 қыркүйекте Төлегенова Instagram-дағы екінші парақшасында Stories жариялап, Жанәбілов пен оның туыстарынан киім ілетін бөлмеде тығылып отырғанын айтқан. Блогердің сөзінше, күйеуі одан жеке заттарын, телефондарын және әлеуметтік желілеріне кіру мүмкіндігін тартып алған.

"Мен гардеробқа кіріп, есігін жауып отырмын. Мұнда 5 пайыз қуаты қалған екінші телефоным бар. Ол өз туыстарымен, ағаларымен бірге осында кірмек болып жатыр. Олар мені манипуляциялап, олардың отбасы туралы әлеуметтік желіге бірдеңе жариялап қоямын ба деп алаңдап отыр. Ол барлық Stories-ті өшіріп жатыр. Міне, қолдарымның бәрі қызарып кеткен", – деді Эльмира.

Көп ұзамай Stories өшірілді. Алайда Төлегенованың үндеуі әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда таралып кетті. Осыған байланысты елордалық полициядан ресми түсініктеме алынды.

"30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Threads желісінен блогер Э. Т.-ның күйеуі Е. Ж.-мен болған жанжалға қатысты видеожазбасын анықтады. Видеода әйел жанжалдың мән-жайын айтып, қолдарының қызарғанын көрсеткен. Осы дерек бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барды", – деп хабарлады 1 қазанда Астана ПД баспасөз қызметі.

Тексеру барысында ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Эльмира Төлегенова полицияға арыз жазудан бас тартқан.

"Сонымен қатар Ж. Е.-ге отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Іс материалдары шешім шығару үшін сотқа жолданды", – делінген Астана ПД хабарламасында.

Сондай-ақ елордалық полиция Ерболат Жанәбіловтің 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Ол сағат 22:00-ден кейін өзі көрсеткен мекенжайда болмаған.

"Талапты бұзу фактісі бойынша материалдар сотқа жолданды", – деді полиция.

Еске салайық, 2026 жылғы 27 сәуірде Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі шыққан.

Жанәбілов ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы ("Заңсыз кәсіпкерлік") және 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)") бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айырылған. ҚР ҚК-нің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тағайындалған жаза шартты деп танылып, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.

Төлегенова да осы баптар бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тиіс болған. Алайда жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: