Астанада сот Жанәбіловтардың адвокатының өтінішін қанағаттандырмады
Фото: Zakon.kz
Судья адвокат келтірген дәлелдер істі прокурорға жіберуге негіз болмайтынын айтты.
"Сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға шешім қабылдады. Осы іс бойынша ашық сот отырысында негізгі сот талқылауы 2026 жылғы 16 наурызға сағат 11:00-де тағайындалсын. Сотталушыларға үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", – деді судья.
Бұған дейін Жанәбіловтардың адвокаты қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы өтініш білдірген болатын.
Еске салсақ, 2025 жылғы 24 тамызда Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілерде құнды сыйлықтардың ұтысын өткізген блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың әрекеттерін лотерея қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді бастағаны белгілі болды.
5 қыркүйекте Астананың Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Ерболат Жанәбіловқа қатысты заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша іс қаралды. 15 қыркүйекте Эльмира Төлегеноваға қатысты іс қаралды. Артынша, оларға қатысты материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне жіберілді. 16 қазанда Қаржы мониторингі агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.