Министрліктің 2026 жылғы 2 қазандағы мәліметінше, биыл каналдың жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын апатты учаскелерін реконструкциялау жұмыстары аяқталған.
"Канал арнасы монолитті темірбетонмен қапталды. Бұл су ысырабын азайтып, 33,3 мың гектар алқапты сапалы суаруға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Сапар қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов Су шаруашылығы комитетіне нысанды пайдалануға қабылдамас бұрын мұқият тексеруді тапсырды.
"Канал келесі жылғы вегетациялық кезеңге толық дайын болуы керек. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізуде қиындық туындамауға тиіс. Сондай-ақ Үлкен Алматы каналының өзге учаскелерін реконструкциялауға қажетті құжаттаманы әзірлеуді уақтылы аяқтау қажет", – деді министр.
Каналды реконструкциялау үш кезеңде жүргізілмек. Қазір ұзындығы 15,6 шақырым болатын учаскені бетондау жобасы дайын.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын өзге учаскелерді реконструкциялауға арналған жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Үшінші кезеңде каналдың бас су алу құрылысы жөнделеді.
Министрліктің мәліметінше, жұмыстар аяқталғаннан кейін каналдың су өткізу қабілеті жобада көзделген деңгейге жетеді. Бұл Алматы облысындағы суармалы алқаптарға су жеткізуді жақсартуға мүмкіндік береді.
Д. А. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Жетісудың қуаң алқаптарын суару және Алматы маңында демалыс аймақтарын құру мақсатында салынған ірі гидротехникалық нысан. Ұзындығы 168 шақырым болатын каналдың құрылысы 1980-жылдары басталған. Ол Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасынан басталып, Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандары арқылы батысқа қарай созылады.
2026 жылғы мамырда Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу барысының әуеден түсірілген кадрларын жариялаған еді.