Соттың 2026 жылғы 5 қазандағы мәліметінше, биыл наурызда талапкер сауда орнынан үш жұп әйелдер аяқкиімін сатып алып, банк картасымен төлем жасамақ болған. Алайда сатушы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартқан. Кейін тауарды сатудан мүлде бас тартып, сатып алушыдан сауда орнынан кетуді талап еткен.
"Азаматтық кодекстің 387-бабының 3-тармағына сәйкес, тиісті тауарды ұсыну мүмкіндігі бола тұра, жария шарт жасасудан бас тартуға жол берілмейді. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның 24 және 28-баптарына сәйкес, сатушы тауарды көрсетілген бағамен сатуға және тұтынушының тауарды еркін таңдауына мүмкіндік беруге міндетті. Ал "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңның 25-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында төлемдер қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да жасалуы мүмкін. Сондықтан тұтынушының қолма-қол ақшасыз төлем түрін таңдағанына байланысты сатушының тауарды сатудан бас тартуы негізсіз", – деп түсіндірді сот.
Жеке кәсіпкердің әрекеттері заңсыз деп танылып, талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Сатушыдан талапкердің пайдасына моральдық зиян үшін өтемақы және сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін тағы бір астаналық сатып алған пәтеріне уақытында қоныстана алмағаны үшін құрылыс компаниясынан сот арқылы 10 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алған еді.