Оның айтуынша, Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде балалар және спорт алаңдары, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктердің болуы міндетті түрде қарастырылады.
"Алайда бұл талаптарға қарт адамдарға арналған арнайы орындар немесе кеңістіктер енгізілмеген. Осыған байланысты заңнамаға жаңа норма енгізуді ұсынамыз: көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде аға буын өкілдеріне арналған жайлы кеңістік қарастырылуы қажет. Ол жерде қарт адамдар демалып, бір-бірімен араласып, қоғамдық өмірге белсенді қатыса алады", – деді Арман Ақылбай.
Ол мұндай кеңістіктің ауданы әр пәтерге шаққанда 0,8 шаршы метр болуы керек деп есептейді.
"Бұл орын коммерциялық мақсатта пайдаланылмауы керек. Сондай-ақ кейіннен сатылмауы немесе басқа мақсаттарға қолданылмауы тиіс. Ең бастысы – оның қоғамдық нысан ретіндегі бастапқы мәртебесі тұрақты түрде сақталуы қажет. Болашақта бұл кеңістік медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары азаматтарды қабылдай алатындай етіп жабдықталуы тиіс. Сондықтан Үкіметке ұзақмерзімді күтімнің бірыңғай жүйесін құру бойынша нақты ведомствоаралық жоба әзірлеуді ұсынамыз. Біз адамның қартайған кезде мемлекет пен қоғамның назарынан тыс қалмауы керек деген ұстанымдамыз. Әрбір қарт адам – еліміздің толыққанды азаматы", – деп толықтырды депутат.
Бұған дейін депутат Дәурен Ахметжаев Салық кодексіне түзетулер енгізуді талап еткен болатын.