Осылайша, жүйемен қамтылған жол учаскелерінің саны 11-ден 15-ке дейін артады.
Орташа жылдамдықты бақылау мына бағыттарда енгізіледі:
- "Орал – РФ шекарасы (Самара)";
- "Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор)";
- "Қостанай – Денисовка";
- "Қандыағаш – Мақат".
Жаңа учаскелерде бақылау аркалары арасындағы қашықтықты өлшеу және аппараттық-бағдарламалық кешендерді сертификаттау жұмыстары аяқталған.
"Жүйе орташа жылдамдықтың белгіленген шектен асуын тіркеуге және тиісті деректерді Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімінің процестік орталығына беруге арналған", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".
Мамандардың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың дерегі тіркелген. Ал жылдамдықты бір сәтте өлшеу арқылы тағы 163,5 мың құқық бұзушылық анықталған. Жалпы, жылдамдықты асыруға байланысты 713 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі Қазақстанның республикалық автожолдарында 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді.
Бүгінге дейін жүйе жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы учаскені қамтыды: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл және Ақтөбе – Қандыағаш.
"Жүйе автокөліктің жолдың белгілі бір учаскесіндегі орташа жылдамдығын есептейді. Камералар көліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Содан кейін жүйе жүріп өткен қашықтықты ескере отырып, орташа жылдамдықты анықтайды. Сондықтан жүргізуші бақыланатын учаскеде рұқсат етілген орташа жылдамдықты асырса, камераның алдында жылдамдықты төмендеткенімен, құқық бұзушылық бәрібір тіркеледі", – деп түсіндірді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ.
Бірнеше күн бұрын қазақстандықтарға автомагистральдің жол жиегінде демалуға неліктен болмайтыны түсіндірілген еді.