Жұманғариннің сөзінше, әзірге бюджетте ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде белгіленген. Жалақыны көтерудің түрлі нұсқалары қарастырылғанымен, бюджет жобасында оны арттыру әзірге көзделмеген.
БАҚ өкілдері қазақстандықтар ең төменгі жалақының өсуін қашан күте алатынын нақтылады.
"Бұл мәселе үкімет пен Президент Әкімшілігі деңгейінде талқыланып жатыр. Сондықтан жақын арада нәтижесі болады деп ойлаймын. Нақты мерзімін айта алмаймын. Бұл – таяу уақытта шешілетін мәселе. Егер көтерілсе, келесі жылдан бастап өседі", – деп жауап берді ол.
Министр айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне қатысты да пікір білдірді.
"АЕК қазір, меніңше, 4 325 теңгеге дейін көтерілді. АЕК өздігінен өседі, біз оған ықпал етпейміз. Ал жалақы мөлшері белгіленеді. Тиісінше, әзірге ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды", – деді Жұманғарин.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқат деңгейін анықтау және мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау кезінде қандай деректер ескерілетінін айтқан еді.