Бокаевтың адвокатына қатысты жекеше қаулы шығарылды: прокурор сотқа қысым жасау әрекеті туралы мәлімдеді

Фото: Zakon.kz
Алматыда Санжар Бокаевқа, оның жиені Мадияр Калменовке және жеке видеографы Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оларға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 190, 218, 340, 188 және 274-баптары бойынша қаралып жатыр.

Алғашқы отырыста төрағалық етуші судья процеске қатысушыларға істің мән-жайына қатысты көпшілік алдында, соның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде субъективті баға беруге және пікір айтуға жол берілмейтінін ескерткен. Судья мұндай әрекеттер сотқа қысым көрсету ретінде бағаланатынын айтқан.

Соған қарамастан, Бокаевтың адвокаттарының бірі Радмир Өтепов қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты жеке пікірі мен болжамдарын БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялаған. Оның бейнеүндеуі сот мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін қайта ескерткеннен кейін шыққан.

Бүгін сот отырысының басында мемлекеттік айыптаушы адвокаттың жария әрекеттерінің заңдылығына қатысты қаулы шығару туралы өтінішхат берді.

Прокурордың айтуынша, сот белгілеген шектеулер істің объективті, жан-жақты және бейтарап қаралуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ олар сотқа қысым көрсетуге және сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға жол бермеуді көздейді.

Сот прокурордың уәждерімен келісті. Судья адвокаттың төрағалық етушінің өкімдерін орындамағанын, сондай-ақ сотты және сот ісін жүргізу тәртібін құрметтеуді талап ететін кәсіби әдеп нормаларын бұзғанын атап өтті.

"Сот процесі ашық өтіп жатыр. Кез келген адам келіп, отырысқа қатыса алады. БАҚ өкілдері мен тыңдаушылар үшін трансляция да ұйымдастырылған. Процеске қатысушыларға БАҚ-та пікір білдіру және әлеуметтік желілерде жазба жариялау арқылы сотқа қысым жасауға жағдай туғызуға болмайтыны бұған дейін ескертілген. Алайда адвокат Өтепов бұл ескертуді екі рет елемеді. Қорғау тарапының құқықтары шектелген жоқ. Сіздер кәсіби маман ретінде қорғауыңыздағы адамдардың мүддесін бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенділік арқылы емес, сот залында қорғауға міндеттісіздер", – деді судья.

Соттың бағалауынша, адвокаттың әрекеттері көпшілікте сот тергеуінің барысы туралы бұрмаланған түсінік пен қате пікір қалыптастырып, сотқа қысым жасауға алғышарт туғызады.

Өтінішхатты қарау нәтижесінде Алматы қалалық адвокаттар алқасына жекеше қаулы шығарылды. Енді адвокаттың әрекеттері заңнама мен кәсіби әдеп талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеріледі.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

-7 градусқа дейін үсік, көктайғақ екпінді жел: қай өңірлерде ескерту жасалды

Астана әуежайында жолаушыларды биометрия арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілмек

Threads арқылы концерт билеттерін сатқан: астаналық жігіт алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Қазақстанда қайырымдылықтың бірыңғай цифрлық ресурсы құрылады

Солтүстік Қазақстан облысында көлік аударылып, үш әйел зардап шекті