Белгілі болғандай, Instagram әлеуметтік желісінде авторы полицияға бірнеше рет қоңырау шалуға тырысқанын және патрульдік экипаждың келуін ұзақ күткенін айтқан видео жарияланды.
Алайда қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі тексеру нәтижесі мүлде басқа жағдайды көрсеткенін мәлімдеді.
102 нөміріне алғашқы қоңырау түскеннен кейін ақпарат бірден Алматының Алатау ауданына беріліп, оқиға орнына "Буран-114" экипажы жіберілген.
"GPS деректері мен қызметкерлердің кеудеге тағатын бейнетіркегіштеріндегі жазбаларға сәйкес, полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға уақтылы барған. Алайда кіреберістің есігін ешкім ашпаған, ал өтініш иесі телефон қоңырауларына жауап бермеген. Полицейлер онымен бірнеше рет байланысуға тырысып, оқиға орнына қайта барған", – деп хабарлады ведомство.
Тексеру нәтижесінде әйел жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Азаматтарды әлеуметтік желілерде жарияланым жасағанда жауапкершілік танытуға және біреуді әрекетсіздік танытты деп айыптамас бұрын мәліметтердің шынайылығын тексеруге шақырамыз", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.