Депутат Айдос Сарымның айтуынша, қылмыс санатынан шығарылуы мүмкін 14-15 бап бар.
"Бұл мәселені кәсіпкерлермен бірге талқылау керек. Мемлекеттік сатып алуға қатысты баптар өте көп. Кейбір адамдар салық режиміне уақытында өте алмай қалып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп айыпталады. Бұл – өте нәзік мәселе. Сондықтан әр бапты мұқият қарап, жан-жақты жұмыс істеу қажет", – деді ол.
Оның әріптесі, депутат Снежанна Имашева да бұл пікірді қолдады.
"Біз бұған дейін бірқатар бапты, соның ішінде жалған кәсіпкерлікке қатысты бапты қылмыс санатынан шығардық. Алайда бизнесті жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін баптар әлі де бар. Қай әрекетті алаяқтық деп тану керек, ал қайсысын азаматтық сотта қарау қажет екенін нақтылауымыз керек", – деді ол.
Бұған дейін депутат Олжас Құсбеков Қазақстанда қандай мүлік түрлері сән-салтанат заттарына жатқызылып, оларға салық салынуы мүмкін екенін айтқан еді.