Үкімет басшысының айтуынша, құрылыс саласын ынталандыруға бағытталған мемлекеттік шаралардың нәтижесінде тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 2018 жылғы 21,6 шаршы метрден биыл бір адамға шаққанда 25,2 шаршы метрге дейін өскен.
"Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 25,6 шаршы метрге жетеді деп күтілуде. Қазір елімізде жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2018 жылы бұл көрсеткіш шамамен 10 миллион шаршы метр болған. Бүгінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін Ұлттық статистика бюросы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық стандарттарына сәйкес есептейді", – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Премьер-министрдің түсіндіруінше, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші нақты тұратын азаматтардың саны мен тұрғын үй-жайлардың жалпы ауданы негізінде есептеледі.
Сонымен қатар отбасылардың тұрғын үй жағдайы мен табысын бағалау өңірлер бөлінісіндегі тұрғын үй шығындарын, коммуналдық жағдайларды және кірістер құрылымын қамтитын өмір сапасы индексі арқылы жүргізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылды Жаппай жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынған болатын.