Бір айда 14 мыңнан астам адамға өсті: Қазақстан халқының саны туралы жаңа дерек жарияланды
Фото: Zakon.kz
Соңғы жарияланған деректерге сәйкес, Қазақстан халқының саны 20 633 529 адамға жетті. Ал 1 қыркүйекте бұл көрсеткіш 20 618 796 адам болған. Демек, бір айда қазақстандықтардың саны 14 733 адамға артқан.
Сондай-ақ қала халқының саны 13 254 158 адамды, ал ауыл халқының саны 7 379 371 адамды құрады.
Халқы ең көп қала бұрынғысынша Алматы болып отыр. Мұнда 2 348 103 адам тұрады. Одан кейін Астана қаласы орналасқан. Елорда халқының саны – 1 639 176 адам. Үздік үштікті 1 294 050 тұрғыны бар Шымкент қаласы түйіндейді.
Өңірлер арасындағы көрсеткіштер де өзгермеген. Түркістан облысында 2 149 205 адам тұрады. Одан кейін Алматы және Жамбыл облыстары орналасқан. Олардың халқының саны тиісінше 1 596 532 және 1 215 656 адамды құрайды.
Халқы ең аз өңір – Ұлытау облысы. Мұнда барлығы 219 049 адам тұрады.