Ауыл балалары арасындағы республикалық турнирде үздік шыққан елді мекендерде спорт алаңы салынады

Сурет: қордың баспасөз қызметі
3-7 қараша аралығында Астанада AUYL SPORT-2026 республикалық турнирі өтеді. Еліміздің 17 өңірінен іріктелген ауыл балалары спорттың сегіз түрінен бақ сынайды. Биылғы жарыстың жаңалығы – үздік нәтиже көрсеткен 10 ауылда жаңа спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Үшінші рет ұйымдастырылатын турнирге 350-ден астам ауылдан 15 мыңға жуық баланы тарту көзделген. Ал республикалық финалдың жүлде қоры 15,5 миллион теңгеден асады. Қатысушылар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі және шағын футболдан жарысады.

Биылғы турнирдің басты жаңалығы – жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 10 ауылда баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнауға және дене шынықтырумен айналысуға арналған ашық спорт алаңдарын салу бастамасы. Жобаны Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырады.

Осылайша, жарыстағы жеңіс тек жүлдегерлерге ғана емес, олардың туған ауылындағы өзге балаларға да мүмкіндік ашпақ. Жаңа алаңдар ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасайды.

Қордың атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықовтың айтуынша, баланың жарыста жеңіске жетуімен қатар, ауылына оралған соң да жаттығуын жалғастыруы маңызды.

"Ауыл баласының арманына туған жерінің шалғайлығы кедергі болмауға тиіс. Сондықтан үздік нәтиже көрсеткен ауылдарға спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Бір баланың жеңісі тұтас ауылдың мүмкіндігін кеңейтіп, өзге балалардың талабын ұштайды деп сенеміз", – деді ол.

AUYL SPORT қатысушылары кейінгі жылдары халықаралық жарыстарда да жақсы нәтиже көрсеткен. 2025 жылы Сербияда өткен ISF U-15 Гимназиадасында жоба өкілдері үш алтын және бір қола медаль жеңіп алды.

Ал 2026 жылы Түркиядағы волейбол турнирінде Жансүгіров ауылының қыздар командасы мен Өтеген батыр ауылының ұлдар командасы чемпион атанды. Ташкенттегі үстел теннисі жарысында Назерке Болатбек күміс жүлдеге ие болды. Ақтаудағы Орталық Азия каратэ чемпионатында Қуандық Базархан мен Сұлтан Құдайберген алтын медаль жеңіп алды. Ыстықкөлдегі баскетбол жарысында Қоңырөлең ауылының ұлдар командасы мен Әулиекөл ауылының қыздар командасы қола жүлдегер атанды.

Жоба аясында спортшылардың жарысқа барып-қайту, тұру және тамақтану шығындары да өтеледі. Сонымен қатар ауыл жаттықтырушылары мен төрешілерінің біліктілігін арттыруға арналған семинарлар мен оқыту курстары ұйымдастырылады.

Үш маусым ішінде турнирдің республикалық финалына қатысқан жас спортшылар саны 1300-ден 1700-ге дейін өскен. Биылғы жарыс та ауыл балаларының спорттық әлеуетін танытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Ал үздік ауылдарда салынатын 10 спорт алаңы турнирдің ең маңызды нәтижелерінің біріне айналуы мүмкін.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда құрылысы аяқталмаған су нысандары қашан пайдалануға беріледі

Бір айда 14 мыңнан астам адамға көбейді: Қазақстан халқының саны туралы жаңа дерек жарияланды

Қазақстандықтар қандай көліктерді елге әкеле алады: жаңа талаптар белгіленді

Әскери қызметшілерге зейнетақы тағайындау тәртібі өзгерді

Қызметкер жұмысқа кешіксе жұмыс беруші айыппұл сала ала ма