Астанада өткен финалдық кезеңге өңірлік іріктеулерде жеңіске жеткен 20 отбасы қатысты. Олардың әрқайсысына естелік мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Кернебаевтар әулетінің тарихы білім мен ғылым саласына еңбек сіңірген бірнеше буын өкілдерін біріктіреді. Бұл отбасында білімге ұмтылу, еңбекқорлық және үлкенге құрмет көрсету басты құндылықтарға айналған.
Сурет: Қарағанды қаласының әкімдігі
Әулеттің үлкені Сапар Кернебаев әр жылдары оқытушы, агроном болып еңбек етіп, өсімдіктерді қорғау басқармасын басқарған. Жұбайы Несібелді Түсіпбаевамен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың 11 немересі мен үш шөбересі бар.
Отбасылық дәстүрді ұлы Айдын Кернебаев жалғастырып келеді. Ол – жетекші ғылыми қызметкер, PhD дәрежесінің иегері, қауымдастырылған профессор. Ғылыми зерттеулері агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған.
Сурет: Қарағанды қаласының әкімдігі
Ғалымның жетістіктері қатарында "Жас ғалым" гранты, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағы және "Қазақстанның 100 жаңа есімі" республикалық жобасындағы жеңісі бар. Ғылыми жұмыстарының нәтижелері Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласында басқарушылық шешімдер әзірлеуде қолданылуда.
Айдын Кернебаевтың жұбайы Айжан Шохабаева 15 жыл бойы Е. А. Бөкетов атындағы университетте оқытушылық қызмет атқарған. Қазіргі уақытта экономика мамандығы бойынша докторантурада білім алуда.
Сурет: Қарағанды қаласының әкімдігі
Ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыш ұлы Альтаир Назарбаев Университетінде оқып, биология саласында ғылыми зерттеулермен айналысады. Қызы Әлиана да ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытады. Ата-анасы әр баланың қабілеті мен қызығушылығын дамытуға ерекше мән береді.
Сурет: Қарағанды қаласының әкімдігі
2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан "Мерейлі отбасы" байқауы отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және бала тәрбиесіндегі үздік үлгілерді насихаттауға бағытталған.
Кернебаевтар отбасының жеңісі Қарағанды қаласы үшін маңызды жетістік әрі тұтас әулеттің білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағалануы болды.