Ростислав Коняшкин Astana Hub қызметіне қатысты соңғы деректерді келтірді.
"Екі жылда IT-қызметтер экспорты екі еседен астам өсіп, 1,1 млрд доллардан асты. Оның жартысынан көбін хаб резиденттері қамтамасыз етіп отыр. Биылғы тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгенің қызметін экспорттады. Бұл ел экономикасы үшін шикізаттық емес экспорт пен жаңа жұмыс орындары деген сөз. Нақты көрсеткіштермен өлшеуге болатын нәтижеге қол жеткіздік", – деді ол.
Оның айтуынша, стартаптарға дамудың әр кезеңінде қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, акселерациялық бағдарламаларға қатысуға, қорлар арқылы қаржыландыру алуға және шетел нарықтарына шығуға мүмкіндік беріледі.
"Astana Hub өңірлердегі IT-экожүйені дамытып жатыр. Қазір Қазақстанда 20 өңірлік IT-хаб жұмыс істейді. Олардың базасында 2500-ден астам іс-шара өткізілді", – деп түйіндеді Ростислав Коняшкин.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев арнайы экономикалық аймақтардың жұмысында қандай өзгерістер болатынын айтқан еді.