Қызылша күдігі: Атырау облысында бір жасар баланың өліміне қатысты мәлімдеме жасалды

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Атырау облысында бір жасар бала қайтыс болды. Бұған дейін бірқатар БАҚ өлім себебі қызылша болғанын хабарлаған. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктемесінде баланың өліміне әкелген диагнозды нақты атаған жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, бала 2026 жылғы 14 қарашада Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Оған дейін Жылыой аудандық ауруханасында ем қабылдаған.

"Ауруханаға түскен кезде баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Негізгі ауруының аясында екіжақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Медицина мамандары қарқынды терапияның толық кешенін жүргізді. Алайда қабылданған қарқынды ем шараларына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады", – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасы ұсынған түсініктемеде балаға қызылша диагнозы зертханалық жолмен расталған-расталмағаны және ауыр асқынулар мен өлімге дәл осы инфекция себеп болған-болмағаны нақтыланбаған.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазан мен 17 қараша аралығында Атырау облысында қызылшаның зертханалық жолмен расталған 45 жағдайы тіркелген. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр дәл осы кезеңде 78 жағдай анықталған.

Қазіргі уақытта стационарларда қызылшаға күдік болған және инфекция жұқтырған жеті науқас ем қабылдап жатыр. Төртеуінің диагнозы зертханалық жолмен расталған, тағы үш жағдай күдік тудырады.

"Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген жағдайлар саны азайғанына қарамастан, сақтық шараларын ұстанып, алдын алу талаптарын орындау маңызды. Вакцинация қызылшадан және оның асқынуларынан қорғанудың ең тиімді жолы болып қала береді", – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Бұған дейін Zakon.kz Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйеніп, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ауруханаішілік инфекция ошағы тіркелгенін жазған болатын. Нәтижесінде бір жасқа дейінгі балалар арасында қызылшаның 65 жағдайы анықталған.

Қазақстан
Атырау

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Студенттің қазасынан кейін ҚазҰУ-де кешенді тексеру жүргізіледі

Алматы облысында мемлекетке қайтарылған жерлерде құны 60,2 млрд теңге болатын бес жоба іске асырылмақ

Супермаркетте 500 мың теңгесінен айырылып қала жаздаған зейнеткерді қала тұрғыны құтқарып қалды

"Азаматтарға арналған үкімет" зейнетақы мен жәрдемақының уақтылы төленуі туралы есеп бермек

"Balapan"-ның күзгі базарлығы