Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты анықтағандай, әйел 2019–2023 жылдары бір меншік иесіне тиесілі өзара байланысты екі компанияда алдымен бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген.
Қызметіне байланысты оған банк шоттарымен жұмыс істеуге арналған кілттер берілген. Екі ұйымның да шоттарына тұрақты қол жеткізе алған бухгалтер қаржы операцияларын өз бетінше бастап, өзі растай алған.
"В. қызмет бабын және компаниялардың қаражатына қол жеткізу мүмкіндігін жеке басының пайдасына пайдаланған. Ол аталған ЖШС-лердің шоттарынан өзінің банк шоттарына және өз бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына жүйелі түрде ақша аударып отырған. Бұл аударымдарға негіз болатын шарттар да, өзге құқықтық негіздер де болмаған. Аударымдар бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетілмеген", – делінген іс материалдарында.
Оның әрекетінен екі компанияға 109 млн теңгеден астам, яғни аса ірі мөлшерде материалдық залал келген. Залал әлі өтелген жоқ. Сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Прокурор сотталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың ауырлығын және залалдың өтелмегенін ескерді. Сотталушының 2013 және 2014 жылдары туған екі баласының болуы жазаны жеңілдететін мән-жай деп танылды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған он жыл бойы коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқаруға тыйым салды.
Сотталушының асырауында балалары барын ескеріп, сот ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабы негізінде жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
2026 жылғы 16 қазанда Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының бас бухгалтері бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сотқа тартылғанын жазған едік. Ауруханада жүргізілген тексеріс кезінде 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталған. Тергеу барысында бас бухгалтердің танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып отырғаны белгілі болды. Кейін бұл ақша қолма-қол алынған. Бас бухгалтер мен оның сыбайласына қандай жаза тағайындалғанын осы материалдан оқи аласыз.