Бұл туралы 2026 жылғы 20 қарашада ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство қылмыстық істің мән-жайын жариялады.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкер "Өсімдік майларын регенерациялау және тазарту өндірісін ұйымдастыру" жобасын жүзеге асыру үшін "Ғылым қоры" АҚ-дан жалпы көлемі 350 млн теңгеге дейін грант алған.
Алайда қаражат бақылауындағы компаниялардың шоттары арқылы жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем ретінде көрсетіліп, шығарылып отырған.
Атап айтқанда, жобаға сәйкес тот баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған.
Агенттік мәліметінше, дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған.
"Нәтижесінде мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілді. Жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысы ретінде екі үлестес компанияның шоттарына аударылған. Кейін бұл қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаның өз қаражаты есебінен қосқан үлесі ретінде рәсімделген. Сондай-ақ автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Бұған қоса, агенттік мәліметінше, жобаның орындалуын бақылауға жауапты "Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы" АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы үшін тексеру актілерінде анықталған заңбұзушылықтарды көрсетпей, қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.
"Екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Агенттік өкілдері ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Айта кетейік, 2026 жылғы 18 қарашада Қазақстанда жарты миллиард теңгелік ірі алаяқтық айла-тәсілдің әшкереленгені белгілі болды. ҚМА мәліметінше, азаматтарға баспана немесе көлік сатып алуға "пайызсыз" несие алу, қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыру немесе Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі ұсынылған. "Buyers Union" қаржы пирамидасын ұйымдастырды және басқарды деген күдікке ілінген бес адам Астанада сот алдында жауап береді.