Президент қазақ халқында "Еңбек төрге оздырады" деген нақыл сөз бар екенін еске салды.
"Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елдің барлық саласында ауқымды жобалар жүзеге асатынын атап өтті. Оның айтуынша, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт нысандары салынады.
Бұдан бөлек, сапалы жолдар төселіп, атом, су және электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары бой көтереді.
Президент бұл жоспардың ауқымы жағынан айрықша екенін айтып, ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылу өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі қастерлі парызы екенін жеткізді.