Президенттің айтуынша, шаруаларға кредит қолайлы шарттармен және ұзақ мерзімге берілуі қажет. Бұл ретте қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс. Сонымен қатар инвестициялық кезеңде негізгі берешекті төлеуді кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылуы керек.
Мемлекет басшысы фермерлердің өнім жинағаннан кейін алғашқы кредит төлемін өтеу үшін егінін арзан бағаға сатуға мәжбүр болатынын атап өтті.
"Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент қаржы көздеріне қолжетімділікте азаматтар арасында үлкен айырмашылық болмауы керегін айтты. Оның сөзінше, шаруалар мемлекет ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөліп жатқанын түсінуге тиіс.
"Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.