Мемлекет басшысы Үкіметке су үнемдеу технологияларын енгізуді күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналдыруды тапсырды
"Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, елде жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын суару арналарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін мың шақырымға жуық арна пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады.
"Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізу қажет екенін атап өтті.
"Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер", – деді Президент.