Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram-арнасында хабарланды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды", – делінген ресми хабарламада.
Ерсайын Нағаспаев 1980 жылғы 28 шілдеде Қарағандыда дүниеге келген. 2001 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Теміртау қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастаған. 2002–2003 жылдары Инвестициялар комитетінде және ҚР Сыртқы істер министрлігінде атташе болған. 2003–2006 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде атташе, кейін үшінші хатшы болып жұмыс істеген.
2006–2007 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік саясаты және халықаралық ынтымақтастық департаментінде бөлім бастығы, кейін департамент директорының орынбасары болған. 2007–2009 жылдары "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының аппарат басшысының орынбасары, кейін аппарат басшысы қызметтерін атқарған. 2009 жылы Көлік және коммуникация министрлігінің Әкімшілік жұмыс, мемлекеттік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары болған.
2009 жылғы 4 қарашада ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалған. 2009 жылғы желтоқсаннан 2010 жылғы желтоқсанға дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы әкімінің орынбасары, 2010 жылғы желтоқсаннан 2011 жылғы қаңтарға дейін Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болған. 2011 жылғы қаңтардан 2013 жылғы қаңтарға дейін Шахтинск қаласының әкімі қызметін атқарған.
2013 жылғы қаңтардан 2014 жылғы қарашаға дейін Астана әкімінің орынбасары болған. 2014 жылғы желтоқсаннан 2016 жылға дейін "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы, 2016–2020 жылдары "Новострой Астана" ЖШС директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.
2021 жылғы сәуірден 2022 жылғы қаңтарға дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында қамтамасыз ету жөніндегі басқарушы директор болған. 2022–2025 жылдары осы компанияның жаңа жобалар жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарған.
Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып 2025 жылғы 28 ақпанда тағайындалған еді.