Үкімет басшысы қазіргі кезде байланыс аса маңызды инфрақұрылымның бір бөлігі екенін атап өтті.
"Кибершабуыл, апат немесе жекелеген байланыс тораптарының істен шығуы бір мезетте миллиондаған пайдаланушыға әсер етіп, өмірлік маңызы бар қызметтердің жұмысын бұзуы мүмкін. Сондықтан оқиға болғаннан кейін ғана шара қолданумен шектелуге болмайды. Желінің осал тұстарын алдын ала анықтап, негізгі байланыс арналарының резервін жасақтау және операторлардың штаттан тыс жағдайларға дайындығын тұрақты тексеріп отыру қажет", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне уәкілетті органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, үш ай ішінде аса маңызды байланыс желілерінің тұрақтылығын бағалауды тапсырды. Министрлік анықталған тәуекелдерді жою жөніндегі нақты жоспар ұсынуға тиіс.
Бұған дейін Олжас Бектенов Aitu ұлттық мессенджерін енгізуді жеделдетуді тапсырған еді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тым баяу жүріп жатыр.