Beeline бас директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, компания тарифтерді инфляция деңгейінен асырмай көтеруді жоспарлап отыр.
"Тарифтер барлық абонент үшін бір мезетте қымбаттамайды. Баға әр тариф бойынша кезең-кезеңімен өзгереді. Биыл Beeline тарифтері орта есеппен 10%-ға өседі деп болжап отырмыз", – деді ол.
Өзге операторлар да тарифтерін қайта қарауды жоспарлап отыр.
"Біз де инвестиция көлеміне қарай бағаларды қайта қараймыз. Электр энергиясы қымбаттап, жабдыққа жұмсалатын шығын да өсіп келеді. Сондықтан тарифтік жоспарлардың бағасын нарықтағы жағдайға қарай өзгертеміз. Тарифтер орта есеппен 10–12%-ға қымбаттауы мүмкін", – деді "Кселл" АҚ басшысы Асқар Жұмабеков.
"Мобайл Телеком-Сервис" компаниясының басшысы Александр Бабичевтің айтуынша, келесі жылы тарифтер шамамен 10%-ға қымбаттауы мүмкін. Нақты өсім тарифтік жоспарға байланысты болады, бірақ 15%-дан аспайды.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда және басқа елдерде тұрғындар мобильді интернет үшін қанша төлейтінін айтқан еді.