Тергеу барысында анықталғандай, 2025 жылы жергілікті 38 жастағы тұрғын Қызылорда тумасы, өзінің танысына жүгінген. Ол кәсіпті дамытуға арналған 2 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты рәсімдеуге көмектесуге уәде берген.
Танысының сөзіне сенген әйел оған 650 мың теңге берген. Алайда уәде етілген қаражатты сол күйі ала алмаған.
"Қазіргі уақытта тергеу барысында күдіктінің әрекетінен үш адамның зардап шеккені белгілі болды. Оқиғаның мән-жайы және күдіктінің өзге де заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция облыс тұрғындарын ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік қолдау шараларын алуға кепілдік беремін деген адамдардың уәдесіне сенбеуге шақырды. Мемлекеттік төлемдер мен гранттар тек ресми қағидалар мен белгіленген рәсімдерге сәйкес берілетінін ескертті.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары күмәнді делдалдарға ақша аудармауға, бөгде адамдарға банк деректерін, құпиясөздер мен SMS арқылы келетін кодтарды бермеуге және осындай ұсыныстарды мұқият тексеруге кеңес берді. Алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет.
Бұған дейін Ақтау тұрғыны интернет-алаяқтық салдарынан қолды болған қаражатын сот арқылы қайтарып алуға қол жеткізген еді. Өздерін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтардың қысымымен рәсімделген несиелердің жалпы сомасы 4,4 млн теңгені құраған.