Компанияның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімдемеде былай делінген:
"ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры әрі басқарма мүшесі қызметін атқарған Қуаныш Омарбековке және басқа да адамдарға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысы бар деген күдікпен тергеу амалдары басталды. Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеуге қажетті көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, тергеу жүріп жатқан кезеңде компания түсініктеме бере алмайды".
Сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
"Компания 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжамдардың акционерлер мен барлық мүдделі тараптардың күткеніне сәйкес орындалатынын растайды. "Қазатомөнеркәсіптің" даму стратегиясы өзгеріссіз қалады, стратегиялық міндеттер бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Компания ашықтық, айқындық және кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік қағидаттарын ұстанады", – делінген компания хабарламасында.
Еске салайық, 2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын.
Ұсталғандар "Самұрық-Қазына" қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.
Бұған дейін компанияның сайтында басшылық құрамындағы өзгерістер туралы хабарлама жарияланған еді.
"2026 жылғы 24 қарашадағы Директорлар кеңесінің шешімімен "Қазатомөнеркәсіп" басқарма мүшелері – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ – Қазақстанның уран, сирек металдар және атом электр станцияларына арналған ядролық отынды импорттау-экспорттау жөніндегі ұлттық операторы. 2009 жылдан бері Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемде көш бастап келеді.
2026 жылғы 12 қарашада "Самұрық-Қазына" АҚ мен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшыларының ұсталғаны белгілі болды. ҰҚК олардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Кейін "Самұрық-Қазына" холдингі мен қор тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Ал 13 қарашада Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде мәлімдеме жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды мемлекеттік компанияларда ауқымды сыбайлас жемқорлық бар екенін көрсететін аса маңызды белгі деп атады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық деңгейін күрт төмендету жөніндегі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.